Шаһар басшысы облыс орталығында биыл атқарылатын жұмыстардың біразына тоқталды. Солардың бірі жолдағы жөндеу жұмыстары.
- Жолдардағы тесіктерді жамау үшін екі жағдай қажет. Оның біріншісі ауарайы жылы әрі құрғақ болуы керек, екіншісі заводтар асфальт-бетондарын шығаруы қажет. Біздің қалада ірі үш асфальт-бетонын шығаратын завод бар. Олар бетондарды ауа температурасы күніне орташа есеппен алғанда 10° градуста қалыпты болған кезде ғана бастай алады. Мұндай ауарайы сәуір айының ортасында күтілуде. Сондықтан заводтар асфальт-бетондарын шығаруды бастаған кезде, жолдағы шұңқырларды жөндеуді қолға аламыз, - деді Асайын Байханов.
Шаһар басшысы, 12 учаскеде 9 көшеге жөндеу жұмысы жүргізілетіні атап өтті. Сонымен қатар, 53 көшенің жеке аумағын асфальттау жұмысы іске асырылмақ. Оның ішінде 12 көше екінші Павлодарда, 5 көше Жаңаауылда, 3 көше ТЖ кенті және МДЦ аумағындағы 11 көше бар.
Бұдан бөлек, Асайын Байханов қазіргі таңда Зеленстрой шағын ауданында 600 үйде канализация жоқтығын айта келе, биыл мұнда үлкен жобаның басталатынын жеткізді. Ол 2023 жылға дейін жалғасады.
Тікелей эфир барысында, облыс орталығындағы еріген қар суын сорғызу жұмыстары туралы қойылған сұрақтарға да жауап берді.





