Павлодар педагогикалық университетінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ППУ грантына үмітті 160 бала бақ сынаған.
- Бұл оқушылардың барлығы білім бәсекесінің бірінші кезеңінде - жоғары көрсеткішке ие болғандар. олимпиада бес пән бойынша өтті. Яғни, биология, химия, физика, матеиматика, география пәндері бойынша 11-сынып оқушыларының білімі сынға түсті. Осы додадан үздік шығып, бірінші орын алған оқушылар Павлодар педагогикалық университетінің грантын жеңіп алады, - деді баспасөз орталығының басшысы Зұлхарнай Ермұрат.
Орталық басшысының айтуынша, білім бәсекесінің нәтижесінде биология, химия, физика және география пәні бойынша бақ сынағандар арасынан 4 оқушы оқу грантына ие болған. Олардың үшеуі - Екібастұз қаласынан келген оқушылар Мақпал Көшербаева, Жансая Саяхат, Аңсар Жанат болса, біреуі ақсулық Әмина Қайырбекова.
Грант иегері атанған Аңсар Жанат өзінің жоғары нәтижеге қол жеткізгеніне риза. - Мен мұндай нәтижеге қол жеткізем деп ойлаған жоқпын. Ұйымдастырушылар «Павлодар педагогикалық университетінің грантын ұтып алдың» дегенде қуаныштан жүрегім жарылардай болды. Ата-анам да ерекше қуанып қалды. Енді күзде осы университеттің табалдырығын студент болып аттайтын боламын. Болашақ мамандығым - биология пәнінің мұғалімі. Осы таңдаған мамандығым бойынша білім алып, еліме адал еңбек етуге тырысамын.
Мұнда аталған пәндер бойынша ІІ және ІІІ орын алған оқушылар да құр алақан қалмаған. Олар мектепті бітіргеннен кейін осы оқу орынын таңдаған жағдайда оқу ақысына 50 пайыздық және 25 пайыздық жеңілдікке қол жеткізді. Марапаттау сәтінде жүлдегерлерге арнайы сертификат табыс етілді.
Жеңімпаздарды марапаттауға ППУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко мен кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Мұсанова қатысып, болашақ студенттерді құттықтады.
- Сіздерді екінші турға өтіп, жеңімпаз атануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Биыл біздің оқу университеттің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Бұл еліміздегі ең үздік оқу орындардың бірі саналады. Елімізде педагог қызметкерлеріне қолдау өте зор. Мұғалімдердің айлық жалақасы көтеріліп, мәртебесі де айқындалды. Сондықтан, мектептен кейін біздің оқу орынға түсуге шақырамын, - деді Ольга Андрющенко.
Университеттің кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Мұсанова алдағы уақытта тағыда осындай пәндік олимпиада өтетінін, оның нәтижесінде 5 оқушыға грант, 5 оқушыға 50 пайыздық жеңілдік, 5 оқушыға 25 пайыздық жеңілдік сертификаты берілмек.
Ал осы додада математика пәні бойынша грант иесінің есімі келесі аптада белгілі болады.
Қарлығаш Хашымқызы.
Фото - ППУ баспасөз орталығынан