Ертіс ауданында жұмыс сапарымен жүрген павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов аудан орталығында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жастармен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.- Жастар - біздің болашағымыз, - деді кездесуді бастаған Әбілқайыр Сқақов. - Бізге ақсақалдар, орта буынның пікірімен қатар, жастардың да ойын білген маңызды. Ертіс ауданы - қашанда дарынды, алғыр жастарға бай, ерекше киелі мекен. Оған дәлел - кеше ғана әлем чемпионатының күміс жүлдесін ұтып алған жерлестеріңіз - Серік Теміржанов.
Өз кезегінде, жастар атынан еркін күрстен Азия чемпионатының қола жүлдегері Әсел Кәрімова қалаға көшуге мүмкіндік болса да, туған ауылы - Ертісте қалуға шешім қабылдағанын айтты. Даңқты ертістік спортшы облыс басшылығына аудан орталығында салынып жатқан спорт кешені үшін алғыс айтып, болашақта бассейн салып беруді сұрады.
Облыс әкімі бұл мәселеге аса үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін айтып, барлық мәселені бірте-бірте, кезең-кезеңімен шешу керектігін қадап айтты. Өңір басшысының сөзіне қарағанда, егер көпшілік бассейн салуды жөн көрсе, бұл мәселе назарсыз қалмайтынына сендірді.
Әрі қарай Қоскөл ауылында қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Азат Бұсырманов сөйледі. Ол Әбілқайыр Сқақовтан әкім болу үшін не қажет деген сұрақ жолдады. Айтуынша, ол мансап құрып, болашақта тіпті облыс әкімі лауазымына дейін көтерілуді мақсат тұтатынын айтты.
Облыс басшысы жастарды, бірінші кезекте, білімін үнемі жетілдіріп, қиындықтарға мойымауға және мамандықты дұрыс таңдай білуге шақырды. Ол үшін Павлодар облысы мектептерінде кәсіби бағыттаушы маманы енгізіледі. Ол 7-сыныптан бастап, оқушыларды түрлі мамандықтар туралы ақпарат беріп, бағыттайды.
Ашық әңгіме соңында Ертіс жастары Әбілқайыр Сқақовты волейбол ойнауға шақырды. Әкім шақыруды бірден қабыл алды.
Еске сала кетейік, аймақ басшысы Ертіс ауданына жасаған сапарында алдымен «Смағұл» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалықтың өкілі Абай Балтабаевтың айтуынша, кәсіпкерлік нысан 2008 жылдан бастап өсімдік шаруашылығымен - бидай, зығыр, қарақұмық, күнбағыс егумен айналысады.
Бұдан бөлек, жұмыс сапарының басында Әбілқайыр Сқақов ауданның ең солтүстік нүктесі - Северное ауылына ат басын бұрды. Мұнда аймақ басшысы ауылдықтармен жүздесті.
Айбек Жұматов
Фото - Валерий Бугаев





