Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыстық ТЖД басшысы Жасұлан Жұмашев өңір басшысына үйлерді су басу қаупін жою жөніндегі алдын алу шаралары туралы баяндады.
- Суды бұру мақсатында каналдар қазу оң нәтиже берді, - деп хабарлады Жасұлан Жұмашев. - Қазір еріген су арналар арқылы ауыл сыртына ағып кетті. Құтқарушылар ойпатты жерлердегі суды сору жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Облыс әкімі аудан басшысы Ержан Иманслямға Абай көшесі, 67 мекен-жайындағы су басқан үйді апатты деп тануды тапсырды.
- Сіздердің үйлеріңіз апатты деп танылды, мұнда ары қарай тұру қауіпті, - деді Әбілқайыр Сқақов отағасы Анатолий Остапенкоға. - Сіздерге барлық қажетті материалдық көмек көрсетіледі.Көп балалы ата-ана Анатолий мен Анастасия Остапенко төрт бала тәрбиелеп отыр, олардың екеуі - мектеп оқушылары.
Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов облыс орталығындағы көшелердің су басқан учаскелерін аралап шықты. Ол қала әкімі Асаин Байхановпен бірге Ворушин көшесінде, Зеленстрой кентінде, Сарыарқа және Екінші Павлодар шағын аудандарындағы су сору жұмыстарын бақылады.
Зеленстрой кентінің тұрғындары Нұржанов көшесінде жыл сайын аулалар мен қораларға еріген су құйылады деп шағымданды. Асаин Байханов алдағы уақытта мұнда кәріз желісі жүргізілетінін айтты.
- Ауылда алты жүзге жуық үй бар, - деді қала басшысы. - Таяудағы екі жыл ішінде осы жерден Ломов және Камзин көшелеріне дейін магистраль тартуды жоспарлап отырмыз.
Екінші Павлодарда облыс әкімі көшелерді асфальттау бойынша жоспарлары туралы сұрады. Асаин Байханов өткен жылы жеті көшеге асфальт төселгенін хабарлап, биыл қалалық ТҮКШ бөлімі тағы 14 көшеге асфальт төсейтінін айтты.
Фото: Валерий Бугаев